Жұбаниязовтар – Алматы суретшілерінің арасындағы танымал отбасы. Алғаш рет әулеттің кәсіби шығармашылық іргесін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Қуандық Наурызбайұлы Жұбаниязов (1947–2007) және оның жұбайы дәстүрлі қолданбалы өнер иесі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Күлипа Есімқызы қалады.
Іс-шараның ашылу барысында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева аталмыш көрменің «Қазақстанның өнерпаз әулеттері» атты жаңа жобаның бастауы екенін белгіледі.
Елімізде мәдени мұрамызды дәріптеу және сақтау, өнерпаздар әулетін қолдау мәселелері өзекті болып отыр. Жұбаниязовтар үйі бізді Қазақстан мәдениетінің кезеңдеріне сәйкес орындаған бірқатар буын жұмыстарымен қызықтырды. Олардың шығармашылығында сәндік-қолданбалы өнер мен көркем өнердің дәстүрлі техникалары ұтымды үйлеседі. Көрменің мақтанышы ретінде өнерпаздар әулетін қалаған Қуандық Жұбаниязовтың 80-90 жылдардағы жұмыстары ұсынылған. Көрмеде кілем тоқу өнерінің дәстүріне адал Күлипа Жұбаниязованың ең үздік түс кілемдері де бар, - деді Күлайша Қабдуалиқызы.
Күлипа Есімқызының шығармашылық мамандықты таңдауына бұл салада жүрген ата-анасы ықпал еткен. Олар киіз үй жабдықтарын өз қолдарымен жасай білген халық шеберлері, жиып-терген білімі мен тәжірибесін балаларына берген ұсталар.
– Ата-анамыз бізге жүн иіру, киіз төсеу, мата тігу секілді ұлттық қолөнер түрлерінің қыр-сырын жастайымыздан үйретуші еді. Сол тәрбиеге деген алғыс ретінде «Шеберлер» түс кілемін оларға арнадым, - дейді ол.
Шығармашылықпен айналысатын кез келген отбасының дәстүріне айналған мұра секілді, Жұбаниязовтар әулетінің балалары да ата-анасының өнердегі ісін жалғастыруда. Қызы Гүлнар Жұбаниязова – суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері, өнертану магистрі, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, ал ұлы Нұрсұлтан Жұбаниязов – мүсінші әрі суретші, республикалық және шетелдік пластика өнері көрмесінің қатысушысы.
– Жұбайым екеуіміз Гүлнардың біз таңдаған жолмен жүріп, біз кешкен қиындықтарға тап болғанын қаламадық. Оны Қыздар педагогикалық институына оқуға түсуге көндірдік. Соған қарамастан, қызымыз сурет салумен айналысты, Ресей, Франция елдерінде өткен жас суретшілер көрмелеріне қатысып, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі атанды. Ақыры ол Академияға оқуға түсіп, өнертану саласының маманына айналды.
Гүлнар Жұбаниязованың айтуынша, ол үшін аталмыш көрмеде «Менің Қазақстаным», «Өмір жалғасы» атты анасының түс кілемдері мен әкесінің «Қымемшек тау» атты суреті ерекше қымбат. Оның бауыры Нұрсұлтанның жұмыстары да қоғам мәселелері туралы терең ойға сүңгітеді.
– «Адасқандар» атты Нұрсұлтанның мүсіні түрлі діни секталарға кіріп кетіп, қазақ мәдениеті мен дәстүрлерімен байланыс үзген адамдарға арналған. Шығармашылыққа адал жандар өз жұмыстарында халқына тән тарих пен мәдениетті бейнелейді. Қазір біз Қазақстан суретшілер одағының ұйымдастыруымен өтетін «Алаш» қозғалысына арналған ірі көрмеге дайындық үстіндеміз, - дейді Гүлнар. Суретшінің сөзінше, оның бес жасар қызы Мәлика да суретші болғысы келеді екен. Қазірдің өзінде Мәлика өз суреттеріндегі қабылдау ерекшеліктері мен мазмұнның тереңдігімен жұртты таң қалдыру үстінде.
Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Тоқтар Ермеков шабыт сыйлаған көрменің ұйымдастырушыларына алғысын білдірді:
– Өнер саласының графика, мүсін, кілем тоқу өнері, бейнелеу өнері іспетті бір-біріне ұқсамайтын түрлерінің бұл көрмеде әдемі үйлескені мені таң қалдырды. Елімізде Жұбаниязовтардай ұлтымыздың сәндік-қолданбалы өнерін жалғастырушы дарынды жанұяның барына шексіз қуаныштымын, - деді ол.
Көрме 22 қазанға дейін жалғасады.